Мәслихат депутаттары Алматы қаласы ТЖД-нің қызметі туралы есебін қабылдады

Алматыда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескерту және жою саласындағы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы туралы мәслихаттың депутаттық тыңдалымы өтті. Есеп беру кезінде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы өртке қарсы қызмет генерал-майоры С. Әубәкіров сел, көшкін қаупі кезеңінде су тоғандарындағы өрт қауіпсіздігі мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты және өзге де сұрақтарға жауап берді.

Қаланың сейсмикалық қауіпсіздігі мәселелері қозғалды. Бүгінгі таңда Сейсмология институты сейсмомикроаудандандыру картасы бойынша жұмысты аяқтап қалды, өз кезегінде, Департамент қала аумағындағы ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық тұрақтылығына паспортизация жүргізуді ұсынды.

Аталған бағдарлама қала әкімдігі тарапынан қолдау тапты және де 2017 жылы Сәулет және қала құрылысы басқармасына жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.

Қазіргі таңда, 7027 жылжымайтын объектінің паспортизациясын «ҚазҒЗИССА» АҚ жүргізу үстінде және оны 2017 жылдың желтоқсанында аяқтауды жоспарлап отыр.

Болашақта, аталған кешенді бағдарлама нәтижесі мейлінше осал тұстарын ескеріп қираған тұрғын үйді бұзу және сейсмикалық күшейту бағдарламасын түзетуді іске асыруға жол ашады, бұл осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттырады, тиісінше, ықтимал ірі жер сілкінісінде  шығын мен қирау санын азайтуға мүмкіндік береді.

Осыған орай, мәжілістің қорытынды құжатында Депутаттар Алматы қаласының Бас құрылыс жоспары мен Ережесіне тиісті түзетулер енгізуді ұсынды.

Генерал депутаттарға ағымдағы жылдың қыркүйегінде заңды күшіне енген және су тоғандарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кейінгі жұмыстарда тиімді құрал бола алатын № 134 «Алматы қаласының ортақ су пайдалану ережелерін» ағымдағы жылдың тамыз айында мәслихаттың ХІХ сессиясы VІ шақырылымы шешімімен қабылдағандары үшін алғыс білдірді.

Түрлі төтенше жағдайларда қала тұрғындарының әрқайсысының іс-әрекеттерге жеке дайындығы маңызды роль атқарады. Тұрғындардың төтенше жағдайлар іс-әрекетіне дайындығы түрлі оқыту түрінде өткізілетінін айта кету керек. Мысалы, қаланың барлық жалпы білім беретін мектептеріндегі балаларды қамтып интерактивті сабақтар өткізу арқылы және басқалары.

Өз кезегінде, Департамент түрлі төтенше жағдайларға қала тұрғындары мен құтқарушылардың дайындығы үшін Алматы қаласында оқу-әдістемелік орталық ашу тұжырымдамасын әзірлеген. Алматы еліміздің ең халқы тығыз қоныстанған, Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың туындау тәуекелінің жоғары қаласы екендігін ескерсек, мұның жоғары әлеуметтік маңызы бар және жобаны жүзеге асыруда өзекті және пайдалы болып табылады.  

Депутаттар ұсынысты қолдады және аталған жобаны жүзеге асыру үшін ТЖ Департаментіне «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ-мен бірігіп «Алматы-2020» Даму бағдарламасына тиісті өзгертулер енгізуді тапсырды.

Мәжіліс барысында ықтимал химиялық ластану кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлінген болатын. Ол үшін Департамент ықтимал ТЖ аймағына кіретін қала халқына жеке қорғау құралдары қажеттілігі есебін дайындап та қойды.

ҚР «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңына сәйкес азаматтық қорғаныс мүлкін жинақтау, сақтау, жаңарту және дайындықта ұстау бойынша қажетті шараларды қабылдау және көлемін анықтаудың жергілікті атқару органдары құзыретіне кіретінін ескере отырып, Алматы қаласы Азаматтық қорғаныс және жұмылдыру дайындығы бөліміне 2018-2024 жылдарға тұрғындарға жеке қорғау құралдарын сатып алу үшін кезеңдік қаржыландыруды қарастыру ұсынылды.

Депутаттар сондай-ақ ТЖД-іне рұқсат етілмеген жерге шомылғаны үшін әкімшілік айыппұл сомасын ұлғайту туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.

Жалпы есеп беру оң бағамен және болашақтағы жұмысқа ұсыныстарымен мақұлданды және қабылданды. Алматы қаласы ТЖД бастығы мұндай жұмыстың көп жағдайда депутаттық корпустың қолдауы арқасында мүмкін болып жатқанын атап өтті.



Алматы қаласының ТЖД баспасөз қызметі